Ұлттық зияткерлік меншік институты
2026 жылғы 7–8 қазанда Астана қаласында Казпатент базасында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен (ДЗМҰ) бірлесіп ұйымдастырылған «Қазақстандағы патенттік дерекқорларда іздеу жүргізу және Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын (ТИҚО) дамыту» тақырыбында екі күндік оқыту тренингі өтті.
Іс-шараға 60-тан астам қатысушы, оның ішінде ДЗМҰ өкілдері, патенттік ақпарат саласындағы халықаралық сарапшылар, ТИҚО үйлестірушілері, жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазақстан ТИҚО жаһандық желісінің дамуына маңызды үлес қосып келеді. 2021 жылы ДЗМҰ-мен келісімге қол қойылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін ұлттық желі 43 ТИҚО-ға дейін кеңейді. ТИҚО сайтына сілтеме: https://tisc.kazpatent.kz/ru/
Тренингтің мазмұнды бағдарламасы ДЗМҰ-ның ТИҚО құру мен дамытуға қатысты жаһандық тәсілдерінен бастап, патенттік іздеудің, патенттік жіктеудің және ұлттық патенттік жүйемен жұмыс істеудің практикалық аспектілеріне дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтыды.
Бірінші күн ТИҚО желісін дамыту және патенттік іздеу негіздеріне арналды.
Семинар қатысушыларына Казпатент директоры Сәбит Ахметов пен ДЗМҰ ТИҚО дамыту секциясының бағдарлама үйлестірушісі Натали Монтиллот құттықтау сөз сөйледі. Іс-шараның модераторы Казпатент директорының орынбасары Айдын Артықова болды.
Казпатент директоры өзінің құттықтау сөзінде ДЗМҰ-ға жемісті ынтымақтастығы және Казпатент қызметінің түрлі бағыттарына көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, ол ТИҚО ұлттық желісін одан әрі дамытудың негізгі мәселелеріне, атап айтқанда, көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыруға және үздік халықаралық тәжірибелерді Қазақстан жағдайына бейімдеуге ерекше назар аударды.
Натали Монтиллот ДЗМҰ-ның ТИҚО құру және дамыту бағдарламасын таныстырып, халықаралық желіге қатысудың артықшылықтары, қолдаудың негізгі бағыттары, патенттік ақпараттың маңызы, сондай-ақ патенттік іздеу жүргізудің құралдары мен стратегиялары туралы баяндады. Сонымен қатар, қатысушыларды мамандандырылған патенттік ақпаратқа қол жеткізуге арналған ASPI бағдарламасының және WIPO INSPIRE ақпараттық ресурстарының мүмкіндіктерімен таныстырды.
Казпатенттің Патенттік зерттеулер және ТИҚО қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Ұлдана Шалабаева Қазақстандағы ТИҚО ұлттық желісінің қазіргі жағдайы мен орталықтар қызметінің нәтижелері туралы баяндады.
ТИҚО жұмыс істейтін ұйымдардың практикалық тәжірибесіне ерекше көңіл бөлінді. Орталықтардың қызметі, көрсетілетін қызметтер, зерттеушілерді қолдау және инновациялық қызметті дамыту мәселелері бойынша келесі спикерлер баяндама жасады:
Казпатент директорының орынбасары Айдын Артықова Қазақстанның ұлттық патенттік жүйесі туралы ақпарат ұсынып, зияткерлік меншік объектілерін қорғаудың негізгі аспектілері мен патенттік ландшафттардың рөлін түсіндірді.
Халықаралық сарапшы, патенттік ақпарат саласындағы білікті маман (QPIP), Sincore IP (Түркия) компаниясының өкілі Зейнеп Севимли патенттік жіктеу және Derwent Patent Search платформасын практикалық қолдану бойынша оқыту сессияларын өткізіп, қатысушыларды патенттік деректерді іздеу және өңдеу құралдарымен таныстырды.
Екінші күн халықаралық патенттік дерекқорлармен жұмыс істеу және ДЗМҰ ақпараттық ресурстарын пайдалану бойынша практикалық оқытуға арналды.
ДЗМҰ ТИҚО дамыту секциясының кіші маманы Назифа Бақтыбаева халықаралық PATENTSCOPE дерекқорын пайдалана отырып, патенттік ақпаратты іздеу бойынша оқыту сессиясын өткізді.
Сонымен қатар, Назифа Бақтыбаева қатысушыларға ТИҚО жобаларын жоспарлауға, олардың тиімділігін бағалауға және басқаруға арналған ДЗМҰ-ның TPPM платформасын таныстырды. Аталған платформа орталықтардың қызметін үйлестіру және мониторинг жүргізу процестерін жетілдіруге бағытталған.
Бағдарламаның жеке бөлімі Clarivate компаниясының кәсіби Derwent Patent Search платформасын пайдалануға арналды.
Clarivate Analytics компаниясының (Аустралия) өнімдер жөніндегі жетекші кеңесшісі Ник Соломон онлайн форматта Derwent Patent Search платформасының негізгі функционалдық мүмкіндіктерін және оны патенттік ақпаратты іздеу мен талдау үшін қолдану жолдарын таныстырды.
ТИҚО ұлттық желісін дамыту перспективаларын талқылау.
Күннің екінші жартысында Қазақстандағы ТИҚО желісін одан әрі дамытуға, қолданыстағы мәселелерге, басымдықтарға және ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарына арналған ұлттық консультациялар мен дөңгелек үстел өтті.
ТИҚО ұлттық желісін дамыту мәселелерін талқылауға келесі өкілдер қатысты:
Дөңгелек үстел аясында ТИҚО қызметінің тиімділігін арттыру, көрсетілетін қызметтер аясын кеңейту, университеттер, ғылыми ұйымдар және Казпатент арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ зияткерлік меншік пен технологияларды коммерцияландыру саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту мәселелері қарастырылды.
Ұлттық желіні үйлестіру тетіктерін одан әрі жетілдіру, орталықтар арасында тәжірибе алмасуды дамыту және зерттеушілер, өнертапқыштар мен бизнес өкілдері үшін патенттік ақпараттың қолжетімділігін арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Тренинг қорытындысы бойынша қатысушылар алған білімдерін өнертапқыштарға, зерттеушілерге, ғылыми ұйымдар мен бизнес өкілдеріне ақпараттық және консультациялық қолдау көрсету барысында қолдануға мүмкіндік алды.
Казпатент ДЗМҰ-мен тығыз ынтымақтастықта ТИҚО ұлттық желісін дамыту жөніндегі жұмысты жалғастырады. Бұл ретте мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға, патенттік ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын жетілдіруге және Қазақстанның ғылыми-технологиялық әрі инновациялық дамуындағы зияткерлік меншіктің рөлін нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді.
Осындай іс-шараларды өткізу инновацияларды қолдаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға, патенттік белсенділікті арттыруға және Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік мәдениетін дамытуға ықпал етеді.