Халықаралық ынтымақтастық

Ұлттық зияткерлік меншік институты

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ҚАТЫСУЫ

Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастығы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Халықаралық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары:

  • зияткерлік меншіктің жаһандық жүйелеріне қатысу;
  • өңірлік ынтымақтастық;
  • екіжақты ынтымақтастық.

1. ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІКТІҢ ЖАҺАНДЫҚ ЖҮЙЕЛЕРІНЕ ҚАТЫСУ

1.1. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен (ДЗМҰ) ынтымақтастық

Қазақстан Республикасы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтау саласындағы жетекші халықаралық ұйым болып табылатын Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) белсенді мүшесі болып табылады.

ДЗМҰ-ның құрылу тарихы мынадай халықаралық келісімдердің қабылдануымен байланысты:

  • 1883 жылғы Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясы;
  • 1886 жылғы Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясы.

1893 жылы аталған конвенциялар аясында құрылған халықаралық бюролар Зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі Біріккен халықаралық бюроларға біріктірілді. Кейіннен ДЗМҰ-ны құратын Конвенцияның (Стокгольм, 1967 ж.) негізінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы құрылды.

1974 жылдан бастап ДЗМҰ БҰҰ жүйесінің мамандандырылған мекемесі болып табылады. Қазіргі уақытта ұйым 194 мемлекетті біріктіреді, ал оның штаб-пәтері Женева қаласында орналасқан.

ДЗМҰ-ның негізгі мақсаттары:

  • бүкіл әлемде зияткерлік меншікті қорғауға жәрдемдесу;
  • зияткерлік меншік саласында мемлекеттер арасындағы әкімшілік ынтымақтастықты дамыту.

Сондай-ақ ДЗМҰ зияткерлік меншікті әлеуметтік-экономикалық даму мақсатында пайдалану үшін мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және жеке сектормен өзара іс-қимыл жасайды.

ДЗМҰ-ның негізгі органдары::

  • Бас Ассамблея;
  • Үйлестіру комитеті.

Қазақстан Республикасы 1993 жылғы 5 ақпандағы Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы халықаралық шарттар туралы Декларациясын жолдау арқылы ДЗМҰ-ға мүше болды. Аталған Декларациямен Қазақстан ДЗМҰ-ны құратын Конвенцияға қосылды. Бұл ретте ДЗМҰ-ға мүше мемлекеттер тізімінде Қазақстан ұйымның мүшесі ретінде 1991 жылғы 25 желтоқсаннан бастап көрсетіледі.

ДЗМҰ-ның мүшесі бола отырып, Қазақстан Республикасы оның органдарының қызметіне және зияткерлік меншік саласындағы халықаралық бастамаларға белсенді қатысады. 

1.2. Дүниежүзілік сауда ұйымымен (ДСҰ) ынтымақтастық 

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі ұлттық зияткерлік меншік жүйесін дамытудың маңызды кезеңі болды.

Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне қосылуы туралы хаттамасы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қазандағы № 356-V Заңымен ратификацияланды.

ДСҰ-ның зияткерлік меншік саласындағы негізгі халықаралық құжаты ДСҰ-ны құру туралы келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісім (ТРИПС) болып табылады.

ТРИПС келісімі зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтаудың халықаралық стандарттарын белгілейді және мыналарды реттейді:

  • авторлық құқық және сабақтас құқықтар;
  • тауар белгілер;
  • патенттер;
  • географиялық нұсқамалар;
  • өнеркәсіптік үлгілер;
  • құпия ақпаратты қорғау.

Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы:

  • зияткерлік меншік саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіруге;
  • қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің әлемдік нарықтарға шығуын қамтамасыз етуге;
  • зияткерлік меншік құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға;
  • дауларды шешудің халықаралық тетіктерін қолдануға ықпал етті.

 2. ӨҢІРЛІК ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

 2.1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) шеңберіндегі ынтымақтастық

Қазақстан Республикасы 1991 жылғы 8 желтоқсандағы ТМД-ны құру туралы келісім негізінде құрылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) шеңберінде зияткерлік меншік саласында ынтымақтастықты жүзеге асырады.

ТМД шеңберінде қатысушы мемлекеттердің:

  • зияткерлік меншік объектілерін қорғау;
  • құқық иеленушілердің құқықтарын сақтау;
  • құқық қолдану практикасын үйлестіру.

салаларындағы өзара іс-қимылының ұйымдық-құқықтық тетіктері қалыптастырылған.

Өзара іс-қимыл салалық ынтымақтастықтың мамандандырылған органдары арқылы да, ТМД Экономикалық кеңесі мен ТМД Үкімет басшылары кеңесін қоса алғанда, ТМД-ның басшы органдары арқылы да жүзеге асырылады.

 2.2. Еуразиялық патенттік ұйыммен (ЕАПҰ) ынтымақтастық

Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 18 шілдедегі № 2364 Жарлығымен ратификацияланған Еуразиялық патенттік конвенцияның (Мәскеу, 1994 ж.) қатысушысы болып табылады.

Еуразиялық патенттік ұйымға (ЕАПҰ) мүшелік Қазақстанның қатысушы мемлекеттердің аумағында қолданылатын еуразиялық патентті алу мүмкіндігін беретін еуразиялық патенттік жүйенің жұмыс істеуіне қатысуын қамтамасыз етеді.

ЕАПҰ органдары:

  • Әкімшілік кеңес;
  • Еуразиялық патенттік ведомство (ЕАПВ).

ЕАПҰ өнеркәсіптік меншікті қорғаудың өңірлік жүйесін дамытуда және еуразиялық кеңістікте патенттеу тетіктерін жетілдіруде маңызды рөл атқарады.

 2.3. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі ынтымақтастық

 Қазақстан Республикасы құрамына:

  • Армения Республикасы;
  • Беларусь Республикасы;
  • Қазақстан Республикасы;
  • Қырғыз Республикасы;
  • Ресей Федерациясы.

кіретін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберінде зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастыққа белсенді қатысады.

Ынтымақтастықтың құқықтық негізін Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 14 қазандағы № 240-V Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт (Астана, 2014 ж.) құрайды.

ЕАЭО туралы шарттың XXIII бөлімі зияткерлік меншік мәселелеріне арналған және зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау мен сақтауға қатысты ережелерді қамтиды.

ЕАЭО шеңберінде бірқатар халықаралық келісімдер жасалған, оның ішінде:

  • Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі іс-қимылды үйлестіру туралы шарт (Гродно, 2015 ж.);
  • Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісім (Мәскеу, 2017 ж.);
  • ЕАЭО-ның тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шарт (Мәскеу, 2020 ж.).

Аталған құжаттар:

  • мүше мемлекеттердің заңнамасын үндестіруге;
  • зияткерлік меншік құқықтарын қорғау тетіктерін дамытуға;
  • тауар белгілері мен зияткерлік меншіктің өзге де объектілерін қорғаудың өңірлік жүйесін құруға бағытталған.

 2.4. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) шеңберіндегі ынтымақтастық  

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) шеңберінде Қазақстан Республикасы әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды өзара қорғау туралы келісімді (Душанбе, 2007 ж.) іске асыруға қатысады.

Келісім ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердің әскери-экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде жасалатын және пайдаланылатын зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

3. ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

3.1. Үкіметаралық келісімдер

Қазақстан Республикасы зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты екіжақты үкіметаралық келісімдер негізінде жүзеге асырады.

Келісімдердің тізбесі қосымшаға сәйкес.

3.2. Ведомствоаралық ынтымақтастық

Ұлттық зияткерлік меншік институты (Қазпатент) халықаралық ұйымдармен, өңірлік бірлестіктермен және шетелдік патенттік ведомстволармен ынтымақтастықты тұрақты негізде дамытып келеді.

Әр жылдары мына ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды:

  1. Францияның Өнеркәсіптік меншік ұлттық институтымен (INPI);
  2. Корея зияткерлік меншік ведомствосымен (KIPO);
  3. АҚШ-тың Патенттер және тауар белгілері жөніндегі ведомствосымен (USPTO);
  4. Қытай Халық Республикасының Зияткерлік меншік жөніндегі мемлекеттік ведомствосымен;
  5. Түркияның Патенттер және тауар белгілері жөніндегі ведомствосымен;
  6. Еуропалық одақтың Зияткерлік меншік жөніндегі ведомствосымен (EUIPO);
  7. Беларусь Республикасының Ұлттық зияткерлік меншік орталығымен;
  8. Қырғыз Республикасының Зияткерлік меншік және инновациялар жөніндегі мемлекеттік агенттігімен («Қыргызпатент»)
  9. Жапония патенттік ведомствосымен (JPO);
  10. Ұлыбритания патенттік ведомствосымен (UKIPO);
  11. Әзербайжан патенттік ведомствосымен (COPAT).

Мұндай ынтымақтастық:

  • тәжірибе мен үздік практикалар алмасуға;
  • зияткерлік меншік саласын цифрландыруға;
  • халықаралық сараптаманы дамытуға;
  • зияткерлік меншікті қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіруге;
  • Қазақстан Республикасының осы саладағы халықаралық байланыстарын нығайтуға ықпал етеді.

Зияткерлік меншік саласындағы халықаралық шарттардың тізбесі