Оқиғалар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide
slide
slide
slide
slide
slide
slide

Ғылыми әзірлемеден табысқа дейін: Қазақстанда агротехнологияларды коммерцияландыру қалай жүзеге асырылады

16 қазан, 2026
2026 жылғы 15 қазан, Астана. KazPatent алаңында «Зияткерлік меншік объектілерін басқару және қорғау» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға ғылыми ұйымдар мен бейінді мекемелердің 50-ден астам өкілі қатысты. Семинарды «Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (АТКО) мен «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (ҰЗМИ) ұйымдастырды. 

Іс-шара ғылыми қызмет нәтижелерін патенттеу, құқықтық қорғау және коммерцияландыру саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталды. Семинарда зияткерлік меншікті қорғаудың практикалық тетіктері, лицензиялық келісімдерді рәсімдеу және отандық әзірлемелерді өндіріске енгізу мәселелері қаралды.

ҰЗМИ сарапшылары патенттік өтінімдерді рәсімдеуге қойылатын талаптарды, өнертабыстарды, пайдалы модельдер мен селекциялық жетістіктерді тіркеу тәртібін, сондай-ақ халықаралық патенттік қорғаудың ерекшеліктерін түсіндірді. Қатысушылар құжаттарды дайындау кезінде жиі кездесетін қателіктерді, авторларға сыйақы төлеу мәселелерін және лицензиялық шарттар жасасудың қаржылық аспектілерін талқылады.

Семинардың жеке бөлімі ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және селекциялық жетістіктерді қорғауға арналды.

«Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Айдын Артыкова патенттеу ғылыми әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға және коммерцияландыруға құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті. Патент құқық иеленушіге қорғалатын техникалық шешімді пайдалануды бақылауға, оны өз өндірісіне енгізуге және оны пайдалану құқығын серіктестеріне шарт негізінде беруге мүмкіндік береді.

«Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы» ЖШС Басқарма төрайымы Райхан Кенжебаева «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (ҰАҒБО) жүйесінде зияткерлік меншік объектілерінің (ЗМО) шамамен 526 түрі тіркелгенін және 158 шарт жасалғанын атап өтті.

Патенттік белсенділік бойынша жетекші ұйымдардың қатарында А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы (А. И. Бараев атындағы АШҒӨО) мен Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы бар. А. И. Бараев атындағы АШҒӨО-да 144 патент және 70 лицензиялық келісім, ал Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында 33 патент және 76 лицензиялық келісім бар.

Бұл ұйымдардың тәжірибесі ғылыми әзірлемелер мен зерттеу нәтижелерін зияткерлік өнімнен нақты практикалық және экономикалық нәтижеге айналдырудың жолдарын көрсетеді.

Семинар аясында «Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия» республикалық мемлекеттік мекемесінің төрағасы Талғат Ажғалиев сөз сөйледі. Ол сорттар мен будандарды мемлекеттік сынақтан өткізу тетіктерін, олардың біртектілігі мен тұрақтылығын бағалау өлшемдерін, сондай-ақ жаңа отандық әзірлемелерді тіркеу кезінде селекционерлермен өзара іс-қимыл жасаудың негізгі мәселелерін түсіндірді.

Селекция саласындағы практикалық жұмыстың мысалы ретінде жоғары көрсеткіштерге ие болған «Айна» сорты таныстырылды. 2027 жылы бұл сортты Қарағанды облысының топырақ-климаттық жағдайында сынақтан өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ географиялық нұсқамаларды қолдану мәселесі қаралды. Олар өнімнің белгілі бір сипаттамаларын оның шыққан жерімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Осы орайда қатысушылар Алматы апортының мысалын талқылады.

Кездесуді қорытындылаған ҰАҒБО Басқарма төрағасының орынбасары Максим Сутула ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды еншілес ұйымдардың 2027 жылға арналған басым міндеттерінің бірі ретінде белгіледі. Негізгі бағыттар қатарында лицензиялық шарттардың санын арттыру, технологиялар мен селекциялық жетістіктердің сапасын жақсарту және олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту бар.

Оның айтуынша, ғылыми ұйымдардың басты міндеттерінің бірі – зерттеу нәтижелерінің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету, оларды практикада қолдануға жағдай жасау және экономикалық тиімділікке қол жеткізу.

Іс-шара барысында ҰЗМИ-мен ынтымақтастықты дамыту және ҰАҒБО базасында Технологиялар мен инновацияларды дамыту орталығын құру мәселелері де талқыланды. Орталықтың қызметі зияткерлік меншік саласындағы құзыреттерді дамытуға, сондай-ақ ғылыми ұйымдарға патенттік өтінімдерді дайындауға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға жәрдемдесуге бағытталмақ.