Ұлттық зияткерлік меншік институты
2026 жылғы 7–15 шілде аралығында Женева қаласында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының 68-сериялы отырыстары өтті.
ДЗМҰ-ға мүше мемлекеттер Ассамблеяларының 68-сериялы отырыстарының ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев қазақстандық делегация атынан сөз сөйлеп, зияткерлік меншік саласын одан әрі дамытуға қатысты Қазақстанның негізгі ұстанымдарын таныстырды.
Қазақстандық делегация құрамында «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (Kazpatent) директоры Сабит Ахметов те қатысты.
Ассамблеялар аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі – ДЗМҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының мәдени мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеуге арналған «Ұлы Дала мұрасы» атты елдік көрменің ашылуы болды.
Көрменің ашылу салтанатына ДЗМҰ Бас директоры Дарен Танг, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан, шетелдік делегациялардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Ассамблеяларға қатысушылар қатысты.
Экспозицияда Қазақстанның бай мәдени мұрасы ұсынылып, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, ұлттық киім үлгілері, дәстүрлі музыкалық аспаптар мен тұрмыстық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің басты бөлігі Қазақстан Республикасы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейімен бірлесіп жүзеге асырылған «Қазақстан кескіндемесінің жауһарлары» атты иммерсивті мультимедиялық инсталляция болды. Жоба заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен халықаралық аудиторияны қазақстандық бейнелеу өнерінің үздік туындыларымен таныстыруға мүмкіндік берді.
Мәдени бағдарлама аясында «Joshy Qazaq National Group» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар көрме қонақтары қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.
«Ұлы Дала мұрасы» көрмесі ДЗМҰ штаб-пәтерінде 2026 жылғы 15 шілдеге дейін жұмыс істеп, Ассамблеялардың мәдени бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды. Көрме Қазақстанның тарихи және шығармашылық мұрасын халықаралық кеңістікте кеңінен насихаттауға деген ұмтылысын айқын көрсетті.
«Ұлы Дала мұрасы» көрмесі туралы толығырақ ақпаратпен танысып, іс-шарадан фотосуреттер мен жарқын сәттерді сілтеме арқылы көре аласыз: https://www.instagram.com/reel/Dak-JyXN4Xt/?igsh=MWFtZGdmdHlvejZyeg==