Ұлттық зияткерлік меншік институты
2026 жылғы 2-3 сәуірде Алматы қаласындағы Kazpatent филиалының Оқу орталығында Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің қызметкерлері үшін "Қазақстан Республикасындағы патенттік және авторлық құқық объектілерін құқықтық қорғау" тақырыбында оқыту семинары өтті.
Қатысушыларға Kazpatent филиалының директоры Зауре Орынбекова ғылыми әзірлемелерді тиімді коммерцияландыру және университеттің зияткерлік қызметінің нәтижелерін қорғау үшін зияткерлік меншік саласындағы құқықтық құзыреттердің маңыздылығын атап өтіп, алғы сөз сөйледі.
Семинар барысында Kazpatent филиалының сарапшылары халықаралық келісімдер мен ҚР Патенттік заңнамасының негізгі аспектілерін, өнертабыстар мен пайдалы модельдердің патентке қабілеттілік шарттарын, сараптама жүргізу және өтінімдерді қайта құру тәртібін қарастырды. Халықаралық патенттеуге ерекше назар аударылды: РСТ рәсімдері және өңірлік жүйелердің мүмкіндіктері (ЕАПО, ЕПО).
Бағдарламаның маңызды блогы патенттік ақпаратпен жұмыс істеуге арналды: жаңалықты іздеу әдістемесі, патенттік құжаттаманың құрылымы және халықаралық дерекқорларды пайдалану (Espacenet, Patentscope, EAPATIS). Сондай-ақ іс жүргізудің практикалық мәселелері, соның ішінде сараптама сұрауларына жауаптар дайындау, өтініштер беру және мерзімдерді қалпына келтіру қаралды.
Екінші күн аясында қатысушылар ҚР-дағы авторлық құқық негіздерін зерделеп, Kazpatent жеке кабинеті және зияткерлік меншік объектілерінің Мемлекеттік тізілімі арқылы электрондық өтінім беру жүйесімен жұмыс істеу дағдыларын пысықтады.
Семинар қорытындысы бойынша сұрақтар мен жауаптар сессиясы өтті, оның барысында қатысушылар зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғаудың практикалық аспектілері бойынша қосымша түсініктемелер алды. Барлық тыңдаушыларға оқудан өткені туралы сертификаттар берілді. Kazpatent филиалы Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ қызметкерлеріне белсенді қатысқаны және зияткерлік меншік саласындағы білім мен практикалық дағдыларды дамытуға қызығушылық танытқаны үшін ризашылығын білдіреді