Ұлттық зияткерлік меншік институты
Астана қаласында Кazpatent алаңында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) мен Қазақстан Республикасының бірлескен жобасы аясында, IMPACT бастамасы шеңберінде оқыту бағдарламасының офлайн кезеңі өтті. Осы кезең аясында құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ұлттық семинар-практикум ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – аталған саладағы кәсіби құзыреттерді арттыру және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Семинар жұмысына құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысып, зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен оларға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе мен озық практикалар алмасылды.
Семинардың негізгі спикерлері ретінде халықаралық деңгейдегі сарапшылар сөз сөйледі: Самер Аль-Таравнех (ДЗМҰ Зияткерлік меншік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бөлімі (BRIP), Жаһандық міндеттер және әріптестік секторы, Женева, заң кеңесшісі), Мария Т. Бейелер-Сапиенте (аталған бөлімнің құқықтық мәселелер жөніндегі қызметкері), Хон Сун Чин (Интерпол Ұйымдасқан қылмыс және қылмыстың жаңа түрлері жөніндегі басқармасының арнайы қызметкері, Сингапур), сондай-ақ Кристи О’Мэлли (ICHIP желісінің заң кеңесшісі, АҚШ Әділет министрлігі, АҚШ-тың Бухарест қаласындағы Елшілігі).
Семинар барысында қатысушылар зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы заманауи сын-қатерлерді, оның ішінде контрафактілік өнімдермен күрес, цифрлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және трансұлттық қылмыспен күрес мәселелерін жан-жақты қарастырды. Сонымен қатар, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру жолдары талқыланды.
Екі күнге созылған оқыту қорытындысы бойынша бағдарламаның барлық төрт кезеңінен сәтті өткен қатысушыларға сертификаттар табысталды. Марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Жақсылекова Ботагөз Шаймарданқызының қатысуымен өтті.
Аталған іс-шараны өткізу Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі дамытуға, институционалдық әлеуетті нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.