Ұлттық зияткерлік меншік институты
Қазақстан Республикасы Құрылтайының Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті (бұдан әрі - Комитет) жанынан ғылым жөніндегі сарапшылық кеңес құрылды. Кеңестің қызметі отандық ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға және заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.
Сарапшылық кеңестің жұмысына ғылыми-зерттеу институттарының, ғылыми орталықтардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми-зерттеу қызметінде практикалық тәжірибесі бар ғалымдары мен мамандары шақырылады.
Ұсыныстар мен бастамалар ғылыми зерттеулерді қаржыландыру, ғылыми конкурстар мен сараптамаларды ұйымдастыру, ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын дамыту, ғылыми кадрларды даярлау және қолдау, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру және өндіріске енгізу мәселелерін қамтуы мүмкін.
Ұсыныстарды әзірлеу кезінде нақты мәселені айқындап, оның негіздемесін және заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды қоса алғанда, ықтимал шешу жолдарын көрсету ұсынылады.
Ұсыныстар мен бастамаларды жолдау үшін Қазақстан Республикасы Құрылтайының ресми сайтындағы «Қызмет» – «Сарапшылық кеңестер» бөліміне өтіп, Комитетті және тиісті бағытты таңдау қажет.
Комитет барлық мүдделі ғалымдар мен мамандарды сарапшылық кеңестің жұмысына белсенді қатысуға, отандық ғылымды дамытуға және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіруге өз үлестерін қосуға шақырады.