Ұлттық зияткерлік меншік институты
2026 жылғы 21–23 қазанда Kazpatent директоры Сабит Ахметов бастаған делегация Душанбе қаласында өткен «IP Еуразия / IP Тәжікстан’26» халықаралық конференциясына және Еуразиялық патенттік ұйымның (ЕАПҰ) Әкімшілік кеңесінің отырысына қатысты.
21 қазанда Сабит Ахметов патенттік ведомстволардың басшылары мен зияткерлік меншік саласының сарапшыларын біріктірген «IP Еуразия / IP Тәжікстан’26» халықаралық конференциясында құттықтау сөз сөйледі. Қатысушылар зияткерлік меншік жүйесінің даму үрдістерін, оның инновацияларды қолдаудағы рөлін және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Еуразиялық патенттік ведомствоның президенті Григорий Ивлиев ЕАПҰ-ға мүше мемлекеттермен өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Басым бағыттар қатарында сараптама сапасын арттыру, процестерді цифрландыру және патенттік мәдениетті дамыту мәселелері атап өтілді. Экономикадағы материалдық емес активтердің маңыздылығының артуына, сондай-ақ ұлттық патенттік ведомстволардың қажеттіліктерін ескере отырып, бірлескен бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
22–23 қазанда делегация жұмысы ұйымға мүше барлық мемлекеттердің патенттік ведомстволары басшыларының қатысуымен өткен ЕАПҰ Әкімшілік кеңесінің отырысы аясында жалғасты.
Отырыс барысында ЕАПҰ-ның 2025 жылғы жылдық есебі бекітіліп, ұйымның 2027 жылға арналған бюджеті қабылданды. Еуразиялық патенттік ведомствоның алдағы он жылдық кезеңде Патенттік кооперация туралы шарт (PCT) шеңберінде Халықаралық іздестіру органы және Халықаралық алдын ала сараптама органы функцияларын орындауы жөнінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен келісім жасасу мақұлданды. Сонымен қатар, ЕАПҰ-ның Өнеркәсіптік үлгілер туралы заңдар жөніндегі Эр-Рияд шартына қосылуы мақұлданды.
Қазақстан Республикасының өкілетті өкілі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреева алдағы екі жылға ЕАПҰ Әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды.
Әкімшілік кеңестің төрағасы болып Армения Республикасының өкілетті өкілі, Армения Республикасы Экономика министрлігінің Зияткерлік меншік офисінің басшысы Кристине Амбарян сайланды. Ал төрағаның тағы бір орынбасары болып Беларусь Республикасының өкілетті өкілі, Ұлттық зияткерлік меншік орталығының бас директоры Алексей Курман сайланды.
Аталған іс-шараларға қатысу Қазақстанның ЕАПҰ-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастығын нығайтуға және зияткерлік меншікті қорғаудың еуразиялық жүйесін дамыту бойынша ортақ тәсілдерді қалыптастыруға ықпал етеді.