Ұлттық зияткерлік меншік институты
2026 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2026 жылғы 17 маусымдағы № 568 бұйрығымен бекітілген әлеуметтік және экономикалық маңызы бар, бәсекеге қабілетті, экологиялық қауіпсіз өнертабыстарды іріктеу бойынша «Шапағат» конкурсын өткізу, сондай-ақ аса маңызды және кеңінен қолданылатын өнертабыстардың авторларына «Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағын беру қағидалары күшіне енді.
Аталған қағидалар Қазақстан Республикасының Патент заңының 9-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген және конкурсты ұйымдастыру мен өткізу тәртібін, сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағын беру тәртібін айқындайды.
«Шапағат» конкурсы кемінде екі жылда бір рет төрт кезең бойынша өткізіледі және отандық ең маңызды өнертабыстарды анықтауға және қолдауға, өнертапқыштық қызметті ынталандыруға, сондай-ақ зияткерлік қызмет нәтижелерін кеңінен насихаттауға бағытталған.
Конкурсты ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті, ал жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
Қағидалардың толық мәтінімен келесі сілтеме арқылы таныса аласыздар:
https://zan.gov.kz/client/#!/doc/226615/rus.
Конкурсты өткізу күні туралы нақты ақпарат кейінірек Kazpatent ресми сайтында қосымша жарияланады.