Тауар белгісін тіркеуге өтінім беру кезінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер атауларының санын айқындау тәртібі туралы ақпараттық хат

National Institute of Intellectual Property

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (әрі қарай – «ҰЗМИ» РМК) көрсететін қызметтерге жаңа тарифтер қолданысқа енгізді.

            Жаңа тарифтерге сәйкес тауар белгісін (қызмет көрсету белгісін) тіркеуге өтінімді қабылдау, өтінімге алдын ала және толық сараптама жүргізу бойынша кешенді қызмет көзделген. Төлем мөлшері мәлімделген тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер атауларының саны ескеріле отырып айқындалады және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді тіркеуге арналған халықаралық сыныптама (ТҚХСЖ) бойынша әрбір сыныпта он атаудан асқан жағдайда ұлғаяды.

            Есептеу тәртібінің өзгеруі өтінім берушілердің нақты немесе жоспарланған қызметін ескере отырып, тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер тізбесін неғұрлым дәл қалыптастыруға, өтінімдердің сапасын арттыруға, тауар белгілерінің Мемлекеттік тізілімінің өзектілігін сақтауға және өтініш берушінің қызметіне байланысты емес тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтерді тізбеге енгізуге жол бермеуге бағытталған.


Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер атауларының санын айқындау тәртібі

            Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының 3-1-бабының 2-тармағына сәйкес сараптама ұйымының жұмыстар мен көрсетілетін қызметтеріне бағалар сараптама ұйымы уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.

            «ҰЗМИ» РМК кәсіпорнының жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге арналған қолданыстағы бағаларында алдын ала және толық сараптаманың базалық құны ТҚХСЖ-ның әрбір мәлімделген сыныбы бойынша тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің он атауына дейін қарауды қамтитыны көзделген. Көрсетілген саннан асатын, дербес мағынасы бар әрбір тауар және (немесе) көрсетілетін қызмет атауы үшін қосымша ақы алынады.

            Мәлімделген тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер атауларының санын айқындау кезінде «ҰЗМИ» РМК ТҚХСЖ-ның Алфавиттік тізбесінің қолданыстағы редакциясында қамтылған тұжырымдарды басшылыққа алады. Егер тауардың және (немесе) көрсетілетін қызметтің тұжырымы ТҚХСЖ-ның Алфавиттік тізбесінде дербес позиция ретінде берілсе және жеке алты таңбалы базалық нөмірге ие болса, мұндай тұжырым бір дербес атау ретінде есепке алынады.

            Мысалы:

            «статистикалық деректерді жинау және ұсыну» — ТҚХСЖ-ның Алфавиттік тізбесінде дербес позиция ретінде көрсетілген және жеке алты таңбалы базалық нөмірі (350100) бар болғандықтан, көрсетілетін қызметтердің бір атауы ретінде есепке алынады;

            «жылтыратуға арналған машиналар мен құрылғылар» — жеке алты таңбалы базалық нөмірі (070308) бар бір тауар атауы ретінде есепке алынады;

            «киім, аяқ киім, бас киімдер» — тауарлардың үш атауы ретінде есепке алынады, өйткені аталған атаулардың әрқайсысы ТҚХСЖ-ның Алфавиттік тізбесінде дербес позиция ретінде көрсетілген және жеке алты таңбалы базалық нөмірге ие: «киім» — 250015, «аяқ киім» — 250080, «бас киімдер» — 250012;

            осыған ұқсас, «консервіленген, мұздатылған, кептірілген және жылулық өңдеуден өткізілген жемістер мен көкөністер» тауарлардың сегіз атауы ретінде есепке алынады.


            Мәлімделген тұжырымның жеке алты таңбалы базалық нөмірінің болмауы оны бір атау ретінде есепке алуға негіз болып табылмайды. Мұндай жағдайларда атаулардың саны тұжырымның мағыналық мазмұнына қарай айқындалады: егер тұжырым дербес мағынасы бар бірнеше тауарды және (немесе) көрсетілетін қызметті қамтыса, олардың әрқайсысы үтірлер, «және», «немесе» жалғаулықтары не өзге де тәсілдер арқылы біріктірілгеніне қарамастан, жеке атау ретінде есепке алынады.

            Мысалы:

            «болат пластиналар мен табақтар» — дербес мағынасы бар екі тауар атауы ретінде есепке алынуы мүмкін;

            «ақылды сағаттар мен фитнес-білезіктер» — ТҚХСЖ тізбесінде аталған тұжырымдардың болмауына қарамастан, дербес мағынасы бар екі тауар атауы ретінде есепке алынады;

            «электрлі самокаттар мен гироскутерлер» — дербес мағынасы бар екі тауар атауы болып табылады.


            Егер тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің атауының құрамына кіретін жекелеген сөздер бір тауарға немесе көрсетілетін қызметке қатысты болып, тек оның мақсатын, қасиеттерін, құрамын, материалын, сипаттамаларын, тауарды дайындау немесе қызметті көрсету тәсілін сипаттаса, мұндай тұжырым бір атау ретінде есепке алынады.

            Мысалы:

            «жеміс толтырғыштары қосылған сүт өнімдері» — бір атау болып есептеледі, өйткені қосымша белгілер тауардың бір түрін сипаттайды.


            «Атап айтқанда», «үшін», «саласында», «қоса алғанда» және осыған ұқсас басқа да сөздер мен сөз тіркестерінің қолданылуы өздігінен атаулардың санын айқындамайды. Атаулардың санын айқындау кезінде тұжырымның кейінгі бөлігінің мазмұны шешуші мәнге ие болады: ол бір тауардың және (немесе) көрсетілетін қызметтің сипаттамаларын нақтылай ма, әлде дербес мағынасы бар тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің тізбесін қамти ма.

            Мысалы:

            «сүт өнімдері, атап айтқанда, сүзбе, қаймақ, ірімшік» — дербес мағынасы бар тауарлардың үш атауы ретінде есепке алынады;

            «сүт өнімдері, атап айтқанда, сүзбе» — дербес мағынасы бар бір тауардың бір атауы ретінде есепке алынады.


            Тауар таңбаларын, қызмет көрсету таңбаларын, географиялық нұсқамаларды және тауарлар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге берілген өтінімдерге сараптама жүргізу қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 38-тармағына сәйкес, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі сұралып отырған құқықтық қорғау көлемін айқындауға мүмкіндік беретін терминологияны пайдалана отырып, анық әрі нақты баяндалуға және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің халықаралық сыныптамасына (ТҚХСЖ) сәйкес сыныпталуға тиіс.

            Қағидалардың 5-тармағына сәйкес, тауар таңбасын тіркеу сұралатын тауарлар мен (немесе) көрсетілетін қызметтердің тізбесін өтінім беруші ТҚХСЖ сыныптары бойынша сыныптайды және топтастырады. Тізбе аталған тармақтың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, Қағидалардың 3-тарауының 1-параграфының 7-тармағының 5) тармақшасына сәйкес сараптама ұйымы алдын ала сараптама жүргізу үшін қажетті қосымша немесе нақтылаушы мәліметтерді, оның ішінде тізбенің мазмұнын анықтау, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің дұрыс сыныпталғанын тексеру не тізбеде қамтылған дербес атаулардың санын нақтылау мақсатында өтінім берушіден сұратуға құқылы.

            Осылайша, «ҰЗМИ» РМК жүзеге асыратын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бекітілген бағаларды қолдану мақсатында атаулар саны өтінімде мәлімделген тізбенің мазмұны мен тиісті тұжырымдардың мағыналық мәніне қарай, ТҚХСЖ Алфавиттік тізбесінің қолданыстағы редакциясындағы мәліметтер, оның ішінде тауарлар мен (немесе) көрсетілетін қызметтердің дербес позициялары және оларға берілген базалық нөмірлер туралы мәліметтер ескеріле отырып айқындалады.

            ТҚХСЖ сыныбының тақырыбы тауардың және (немесе) көрсетілетін қызметтің дербес атауы болып табылмайды және олардың санын айқындау кезінде жеке атау ретінде есепке алынбайды, өйткені сынып тақырыбында тиісті сыныпқа жататын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің саласы жалпылама түрде көрсетіледі, ал онда келтірілген атаулар ТҚХСЖ Алфавиттік тізбесінде дербес позициялар ретінде берілмеген және оларға жеке алты таңбалы базалық нөмірлер тағайындалмаған.


            Өтінім берушілерге арналған ұсынымдар

            Тауарлар және көрсетілетін қызметтер тізбесін қалыптастыру кезінде:

            - нақты немесе жоспарланған қызметке сәйкес келетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ғана енгізу;

            - нақты және бір мағыналы тұжырымдарды пайдалану;

            - өзіндік маңызы бар бірнеше тауар немесе көрсетілетін қызмет атауларын бір позицияда біріктіруден аулақ болу;

            - қажет болған жағдайда өзіндік маңызы бар тауарлар мен көрсетілетін қызметтер атауларын нүктелі үтірді пайдалана отырып, жеке атаулар ретінде көрсету ұсынылады.

            Егер тұжырым тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер санын бірмәнді түрде айқындауға мүмкіндік бермесе немесе бірнеше жеке тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер атауларын қамтыса, өтінім берушіге тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтер тізбесін белгіленген талаптарға сәйкес келтіру туралы сұрау жіберілуі мүмкін.

            Осылайша, атаулар санын айқындау кезінде әрбір тұжырым оның мазмұны мен мәлімделген тауарлар және (немесе) көрсетілетін қызметтердің сипаты ескеріле отырып, жеке қарастырылады.