Contact-center
+7 (7172) 62-15-15
+7 (7172) 62-15-16
+7 (7172) 62-15-08 kazpatent@kazpatent.kz

Өнертабыстар мен пайдалы модельдерді патенттеуге қатысты жиі қойылатын сұрақтар

Айдар:
Өнертабыстар мен пайдалы модельдерді патенттеуге қатысты жиі қойылатын сұрақтар
Cұрақтар:

1. Идеяны қалай патенттеуге болады?

2. Өнертабысқа (пайдалы модельге) қалай патент алуға болады?

3. Өнертабысқа патент алу үшін қандай құжаттарды тапсыру қажет?

4. Пайдалы модельге патент алу үшін қандай құжаттарды тапсыру қажет?

5. Патент бажын төлеуге байланысты шығыстарды қалай есептеуге болады?

6. Өтінімді кім бере алады?

7. Өтінімді қандай тәсілдермен беруге болады

8. Өтінімнің ҰЗМИ-ға түскенін не растайды?

9. ҰЗМИ-де өнертабысқа патент беруге өтінімді қарау рәсімі қандай?

10. Өнертабысқа (пайдалы модельге) айрықша құқықтың қолдану мерзімі кандай?

11. Айрықша құқықтың мерзімін ұзарту мүмкін бе?

________________________________________

1. Идеяны қалай патенттеуге болады? Зияткерлік меншік объектілерінің тізімі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) 961-бабында келтірілген. Өнертабыстарды, пайдалы модельдерді құқықтық қорғау шарттары ҚР АК 991-бабында белгіленген. Құқықтық қорғау берілетін өнертабыс ретінде жаңа, өнертабыстық деңгейі бар және өнеркәсіпте қолданылатын техникалық шешім есептеледі. Құқықтық қорғау берілетін пайдалы модель ретінде жаңа, өнеркәсіпте қолданылатын техникалық шешім есептеледі.

________________________________________

2. Өнертабысқа (пайдалы модельге) қалай патент алуға болады? Өнертабысқа немесе пайдалы модельге патент алу үшін өтінімді толтыру және оны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтына тапсыру қажет. Өтінім бойынша белгіленген тәртіппен сараптама жүргізіледі, оның нәтижесі бойынша патент беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылданады. Шешімді қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының Патент заңының 5 және 7-баптарының ережелері назарға алынады. Патент Заңының 35-бабына сәйкес уәкілетті органның (Әділет министрлігінің) қорғау құжаттарын беру жөнінде іс-әрекеттерін жасаған үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік баж алынады. Өнертабысқа (пайдалы модельге) патент алуға байланысты заңды маңызы бар әрекеттерді жасаған үшін төлем Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы №368 бұйрығымен бекітілген «Қазақcтан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» шаруашылық құқығындағы республикалык мемлекеттік кәсіпорын іске асыратын жұмыстар мен қызметтерге бағалармен» белгіленеді.

________________________________________

3. Өнертабысқа патент алу үшін қандай құжаттарды тапсыру қажет? Қазақстан Республикасының Патент заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес Өнертабысқа өтiнiмде мынадай құжаттар: 1) өнертабыс авторлары және атына қорғау құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiм; 2) бiлiмнiң тиiстi саласындағы маманның өнертабысты жүзеге асыруы үшiн толық, жеткiлiктi ашылған сипаттамасы; 3) өнертабыстың объектiсiн айқындайтын және оның мәнiн бiлдiретiн өнертабыстың формуласы. Формула анық, нақты болуға және сипаттамаға негiзделуге тиiс; 4) егер, өнертабыстың мәнiн түсiну үшiн қажет болса, сызбалар және өзге де материалдар; 5) реферат; 6) сенiмдi өкiлдер арқылы iс жүргiзiлген жағдайда – сенiмхат болуы тиіс. Өнертабысқа өтiнiмге өтiнiм беруге, сонымен бiрге ресми сараптама жүргiзуге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерiн азайту негiздемесiн растайтын құжат қоса тiркеледi, оларды өтінімге қоса немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде тапсыруға болады. Тиiстi төлем жасалған жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екi айдан аспауға тиiс. Төлем жөнiндегi құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.

________________________________________

4.Пайдалы модельге патент алу үшін қандай құжаттарды тапсыру қажет? Қазақстан Республикасының Патент заңының 18-бабының 2-тармағына сәйкес пайдалы модельге өтінімде мынадай құжаттар: 1) пайдалы модель авторлары және атына патент сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген патент беру туралы өтiнiш; 2) пайдалы модельдi оның жүзеге асырылуы үшiн жеткiлiктi, толық ашатын сипаттамасы; 3) оның мәнiн бiлдiретiн, сипаттамаға толық негiзделген пайдалы модельдiң формуласы; 4) сызбалар; 5) реферат; 6) сенiмдi өкiлдер арқылы iс жүргiзген жағдайда - сенiмхат болуға тиiс. Пайдалы модельге өтiнiмге өтiнiм беруге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат пен оның мөлшерiн азайтуға негiздеменi растайтын құжат қоса тiркеледi, оларды өтiнiмге қоса немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде тапсыруға болады. Тиiстi төлемдер енгiзiлген жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ екi айдан аспауға тиiс. Белгiленген мерзiмде төлемдер туралы құжаттар тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi. 5. Сараптамалық қызметтерге төлеммен байланысты шығыстарды қалай есептеуге болады? Біздің сайтымызда «Төлемдерді есептеу» автоматтандырылған бағдарлама орналасқан, ол төлеуге қажетті соманы есептеуге көмектеседі. (//cabinet.kazpatent.kz/ru/Payments/PaymentAddPaymentTariffTz) 6. Өтінімді кім бере алады? Өтінімді өтінім беруші немесе оның өкілі береді. 1. Өтінім беруші – қорғау құжатына құқығы бар тұлға (өнертабыстың (пайдалы модельдің) авторы), авторлар ұжымы немесе оның (олардың құқықтық мирасқоры), жұмыс беруші (Қазақстан Республикасының Патент заңының 10-бабының 1-тармағы және 16-бабының 1-тармағы). 2. Өтінім берушінің өкілі – патенттік сенім білдірілген өкіл немесе ҚР АК 167-бабының талаптарына сәйкес ресімделген сенімхат негізінде әрекет ететін өзге де өкіл.

________________________________________

7. Өтінімді қандай тәсілдермен беруге болады 1. Поштамен мына мекенжай бойынша: Орынбор көш., 8, 1 кіреберіс, Астана, 010000, Қазақстан Республикасы 2. Жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша тікелей Ұлттық зияткерлік меншік институтының кеңсесі арқылы беру. 3. Факспен жіберу: +7 (7172) 74 96 21 Бұл жағдайда өтінім құжаттарының түпнұсқалары факспен бұрын түскен құжаттарды бірдейлендіретін ілеспе хатпен бірге ҰЗМИ-ге олардың факспен түскен күнінен бастап бір ай ішінде ұсынылуы тиіс. Осы талапты сақтаған жағдайда, факспен түскен күні құжаттың түскен күні болып есептеледі. 4. Электрондық цифрлі қолды пайдалана отырып, өтінімді электрондық түрде беру қызметін пайдалану: а) ҰЗМИ сайты www.kazpatent.kz ҰЗМИ сайты арқылы өтінімді электрондық түрде беру туралы ақпаратпен сайттың «Өтінімді электрондық түрде беру» бөлімінде танысуға болады; б) Қазақстан Республикасының www.egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы. 8. Өтінімнің ҰЗМИ-ға түскенін не растайды? Өтінім құжаттары ҰЗМИ-ға қағаз түрінде кеңсе арқылы берілсе, өтінім беруші құжаттардың кіріс нөмірі мен түскен күні көрсетілген өтініштің көшірмесін алады. Өтінім электрондық цифрлі қолды пайдаланып ҰЗМИ сайты арқылы электрондық түрде берілсе, өтінімнің түскені туралы мәлімет (өтінімге берілген тіркеу нөмірі және оның түскен күні) лезде өтінім берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі. Өтінім материалдары қағаз түрінде пошта арқылы жіберілсе, өтінім беруші +77172749660 телефон арқылы байланыс орталығына телефон шалып өтінімнің тіркеу нөмірі мен құжаттардың түскен күнін білуі мүмкін.

________________________________________

9. ҰЗМИ-де өнертабысқа патент беруге өтінімді қарау рәсімі қандай? Өнертабысқа патент беруге өтінімді қарау рәсімі кесте бойынша сайттың «Патентті қалай алуға болады» шағын айдарында ұсынылған. (http://kazpatent.kz/images/files/iz_pm.pdf)

________________________________________

10. Өнертабысқа (пайдалы модельге) айрықша құқықтың қолдану мерзімі кандай? Өнертабысқа және пайдалы модельге патенттің қолдану мерзімі Қазақстан Республикасының Патент заңының 5-бабының 3-тармағында белгіленген: өнертабыстар үшін – жиырма жыл, пайдалы модельдер үшін – бес жыл. Аталған мерзім өтінім берілген күннен бастап есептеледі. 11. Айрықша құқықтың мерзімін ұзарту мүмкін бе? Қолданылуы үшін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсаттар алу талап етілетін дәрілік затқа, пестицидке (улы химикатқа) жататын өнертабысқа қатысты айрықша құқықтың және осы құқықты куәландыратын патенттің қолданылу мерзімі патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бiрақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкiн (Қазақстан Республикасының Патент заңының 5-бабының 3-тармағы). Пайдалы модельге патент өтінiм берiлген күннен бастап бес жыл бойы қолданылады. Оның қолданылу мерзiмi патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бірақ үш жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкiн (Қазақстан Республикасының Патент заңының 5-бабының 3-тармағы).

 

Жарияланған: 26 February, 2018 - 14:41 Барлық сұрақтар